Городской вуз международного партнерства / Государственная лицензия АБ 0137478
Международная аккредитация ACBSP (США) / Институциональная и специализированная аккредитация НКАОКО (Казахстан)

Материалы

Бердибеков Азамат Бердибекович

berdibekov

Мен және менің педагогикалық мамандығым

Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,

Жүрегім жалын атқан сөз дайында.

Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,

Тербетіп, тулатып бір қозғайын да.

Қ. Аманжолов

Ақын Қасым Аманжолов өзінің өмірі жайлы өлең жолдарымен айтқан болса, мен бүгін өзім және өзімнің таңдаған мамандығым туралы шағын эссе түрінде жеткізуге тырысамын.

Менің аты жөнім - Бердібеков Азамат Бердібекұлы. Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай ауданы, Топқайың ауылында 1983 жылдың 19 шілдесінде шыр етіп дүние есігін ашыппын. Ұстаздар отбасында тәрбие алып, қанат қаққан мен сол ұядан тамырланып ұшып шықтым. Ұстаздар отбасы деу себебім, менің ақылшыларым  - ардақты әкем Закаиров Бердібек және аяулы анам Дюленбаева Надежда өз өмірлерін жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған адамдар. Олар қазір де Топқайың орта мектебінде ұстаздық қызмет атқаруда.

Топқайың орта мектебін 2000 жылы бітіргеннен кейін Өскемен қаласына келіп, Шығыс Қазақстан классикалық университетінің Математика мамандығын таңдап оқуға түстім. Таңдаған мамандығымның педагогикалық мамандық екенін және оның қандай қиындықтары бар екенін біле тұра осы мамандық иесі болуға деген талпыныс менің бойымдағы осы пәнге деген қызығушылықтан туындады деп ойлаймын. Мен сол күндері 4 жыл өткен соң қалаған мамандығымды ойдағыдай бітіретініме сенгенмін, бірақ жоғарғы оқу орнында оқытушы болып қалам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бірақ «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, менің ішкі дүниемде осындай бір талпыныс болғанын жасыра алмаймын. Сондықтан, көптен күткен бакалавр дипломын университетіміздің Президенті ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Ережеп Әлхайырұлы Мәмбетқазиев ұсынып тұрып, бүкіл халықтың алдында мені кафедраға оқытушы қызметіне қалдыратынын айтқанда, әкем екеуіміздің төбеміз көкке жеткендей күйде болғаны әлі есімде.

Сол күндерден бастап мен өз еңбек жолымды ұлағатты ұстаздар қатарында жалғастырып келемін. Осы салада еңбек еткендіктен, біліктілігімді арттыру мақсатында 2005 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің магистратурасының математика мамандығына грант негізінде оқуға түсіп, 2007 жылы ойдағыдай аяқтадым. Университет қабырғасында 5 жыл еңбек жолын жүріп өткеннен кейін кафедраның аға оқытушысы атанып, «Ақпараттық жүйелер» мамандығының жетекшісі қызметіне тағайындалдым. Ендігі жерде ұстаздық мамандығым жайлы ой толғасам демекпін.

Менің өмірдегі бақытым - жүрек қалауымен ұстаз болуым. Бұл сөзді мен жай ғана айта салмаймын, өйткені бұлай айтуым – маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес, ол – адам бағдарын жасаушы. Егер де мен тәрбиелеген студент қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі тұлға болып, өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен алға қарыштай аттаса – бұл менің өмірімнің мәні. Өйткені, мен - ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Менің шәкірттерім егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде қандай арман болсын! Міне, осындайда «Ұстаз - ұлылық емес, ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының дана сөздерін әрқашан есіме аламын.

Әрине, ұстаз болу үшін жоғарғы педагогикалық оқу орнын үздік бітіру аздық етеді. Ұстаздық атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқисың. Өзің шын мәніндегі үлкен оқушы болғанда ғана кемел ұстаздыққа қол жеткізе аласың деп білемін.

Ұстаз ретінде мен тек қана жалаң білім беріп қоюмен шектеліп қалмауға барынша тырысамын. Ешбір сәтте есімнен ұлы ғұламамыз Әбу Насыр Әл - Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі шыққан емес.

Менің ұғымымда, біріншіден ұстаз міндеті өз пәнін шәкірттеріне жақсы үйретуден де тереңіректе жатыр. Алдымыздағы әрбір студент қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, сол тұлғаның басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу – біздердің, ұстаздардың бұлжытпас борышымыз.

Екінші, ең бастысы, ұстаз шын мәнінде шәкірттерін жан-тәнімен беріле сүю керек. Алдымен рухани қуат беруі керек. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана ұстаз өз мәртебесін көтере алады.

Үшінші, ұстаз әр шәкірттің мінез - құлқын, көзқарасын, талғамы мен әдет дағдыларын зерделеп, әр шәкірттің өз шамасына сай дамуын қамтамасыз етуі тиіс.

Бүгінгі таңда 10 жылдық еңбек өтілімде мен 1000-нан артық студентті білім нәрімен сусындатып қана қоймай, оларға болашаққа дұрыс жол таңдап, белгілі бір маман иесі болуына өз үлесімді қостым деп санаймын. Сонымен қатар, он жылдық еңбек жолымда көптеген алғыс хаттармен марапатталып, өз еңбегімнің жемісін көріп келемін. Шәкірттер тәрбиелеумен қатар бүгінгі таңда мен отбасы құрып, ұл мен қыз өсіріп отырған бақытты әкемін.  

Яндекс.Метрика
© 1994-2016 Казахстанско-Американский Свободный Университет (КАСУ, ВУЗ). Все права защищены.

Республика Казахстан, ВКО, г. Усть-Каменогорск, 070000, Пр. Независимости, 86

+7(7232)52-30-70 +7(7232)61-90-23 +7(7232)49-25-10 +7(7232)22-23-24 +7(7232)61-90-24

kafu_ukg@mail.ru