Городской вуз международного партнерства / Государственная лицензия АБ 0137478
Международная аккредитация ACBSP (США) / Институциональная и специализированная аккредитация НКАОКО (Казахстан)

Истории успеха

Шуликин Александр Алексеевич

10125

Қазақ тілін ана тілім деп ардақтаушы Александр

Мемлекеттік тіл - тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Тіл - ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Қазіргі таңда еліміз өз егемендігін алып, дербес мемлекет ретінде танылуда. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз»,-деген болатын. Тіл - адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Қазақ тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру  - әрбір қазақстандықтың борышы. Осындай азаматтық борышын абыроймен атқарып жүрген  орыс ұлтының өкілі, қазақ тілін өз ана тіліндей ардақтаушы, Қазақстан-Американдық еркін университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының түлегі, қазіргі уақытта Мемлекеттік Күзет қызметіндегі әскери қызметші, капитан  Шуликин Александр Алексейұлын сөзге тарттық.

Александр Алексейұлы,сәлеметсіз бе? Сұхбатымызды бастамас бұрын өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

Мен Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Төсқайың ауылында дүниеге келдім. Сол ауылда  1-9 сыныптарды қазақ сыныбында оқыдым. Осыдан кейін аудан орталығына келіп № 1 мектепте 10-11 сыныптарды ойдағыдай тәмамдадым. Негізі менің ең сүйікті пәнім – георграфия пәні болатын. Оқуға тапсыратын уақыт жақындап,  ойланып жүргенде сынып жетекшім, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлықпанова Гүлнара апай ұстаздық ақыл-кеңесін, бағыт-бағдарын беріп: «Саша, сен осы географияны қайтпексің, қайда бармақсың, одан да бойыңдағы талантыңа қарай қазақ тілі мен әдебиетіне тапсыр,»-деді. Сөйтіп, әкем екеуіміз Өскемен қаласына келіп, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түстім.

Тіліңіз қазақша шықты ма, әлде арнайы қазақ тілінің курстарына барып үйрендіңіз бе?

Жоқ, мен арнайы курстарға барып қазақ тілін еш уақытта үйренген емеспін. Шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап қазақ ауылында туылып, қазақтың тәрбиесін бойыма сіңіріп, қазақша сөйледім. Сонымен қатар, әкем қазақ тіліне шорқақтау болғанымен , анам өте жақсы білетін. Анам әрқашан «ботақаным, балапаным»  деп еркелететін. «Тәрбие  тал бесіктен басталады» дейді ғой, сондықтан қазақ тілін менің аузыма анам салып кетті.

Әскери қызмет жолына келу сіздің бала күнгі арманыңыз ба, әлде оның басқа да бір себебі бар ма?

Әрине, біріншіден, бұл менің бала кезімнен армандап жүрген басты арманым, екіншіден менің туған атам Ұлы Отан соғысының ардагері. Сол кісінің ізін басып, жақсылықтарын көріп, үлгі-өнегесін бойыма сіңіріп мен де арманыма жетіп, әскери адам болдым.

Сұхбаттың алдында мемлекеттік тілді білгенімнің арқасында біршама жетістіктерге жеттім деп қалдыңыз. Сол жетістіктерді атап өтсеңіз?

Әрине, мемлекеттік тіліміздің ықпалымен  осындай дәрежеге жетіп отырмын. Мысалы, 2006 жылы желтоқсанда Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болдым. Бұл кездесу мен үшін үлкен бір мәртебе болды десем, артық айтпаспын. Себебі, бұл жағдай менің өміріме де, әскери қызмет жолына келуіме де үлкен әсерін тигізді. Жалпы сол уақытта Республикалық Ұланның қолбасшысы генерал – лейтенант Тасболатов Абай ағамыз болған. Сол кісі менің еңбегімді бағалап, офицерлік лауазымға тағайындады. Бірінші офицерлік шенді, яғни лейтенант атағын  2007 жылы 28 тамызда алдым. Сонымен қатар, мектеп қабырғасында  оқып жүргенде де қазақ тілін білгенімнің арқасында аудандық,  облыстық жарыстарға қатысып,  әр түрлі жүлделі орындарға ие болғанмын. Ал Қазақстан-Американдық еркін университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында оқып жүргенде біздің факультетте үнемі әртүрлі іс-шаралар, апталықтар өтіп тұратын. Сол кезде әртүрлі шараларды ұйымдастырып, соған қатысып жүретінмін. 2010 жылы  Елордамыз Астана қаласында мемлекеттік тілге байланысты сайыс болды.Ол сайысқа мемлекеттік күзет қызметінен 5 адамнан құралған команда болып қатыстық, соның бірі өзім болдым. Осы конкурстың бас жүлдесін ұтып алдық.

Осы Александр қазақ тілін жақсы біледі деген құрметті қашан сезіндіңіз?

Құрмет деп айтуға келмес, бірақ мектепте жүргенде – ақ сезілетін. Айналамдағы достарымның бәрі қазақтың қарапайым қара балалары болатын. Сол қазақтың қара балаларының ішінде сап – сары болып орыстың  баласы мен жүретінмін. Елдің назары сол кезде бірден маған ауатын, қазақша сөйлесем: «О, мына орыстың баласын қараңдар, қазақша сөйлейді. Осыдан үлгі алыңдар»,-деп те жататын кездер жиі кездесетін десем артық айтпаспын.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»  дейді, сіз қаншалықты өз тіліңізді білесіз?

Өз ана тілімді құрметтеймін, жоғары деңгейде білемін және еркін сөйлеймін. Кішкентайымнан қазақ тілін де тал бойыма сіңіріп өстім. Отбасымда бәрі қазақша сөйлегенімен, атам ғана орысша сөйлейтін. Ол кісі енді ескінің тұяғы ғой.

Саша аға, арманыңызды, атақ-дәрежеңізді, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігіңізді сұхбат барысында білдік, енді шағын мемлекетіңіз жайлы айтып берсеңіз?

Әкем – Алексей, анам – Татьяна. Анам да, әкем де орыс ұлтының өкілдері. Отбасымызда 3 баламыз, әпкем және қарындасым бар. Үйдің еркесі, ортасы, бәйтерегі мен болдым. 2009 жылы отбасын құрдым.Жұбайым - Әсемгүл Оралбайқызы, Ақмола облысынан. Дарина атты аяулы перзентіміз бар. Қызым қазақша сөйлейді, қазақтың салт – дәстүрімен, әдет –ғұрпымен тәрбиелеудеміз. Қызым да мемлекетіміздің беделді азаматшасы болады деген сенімдемін.

Саша аға,  өзіңіз білім алған оқу ордасына, ондағы  студенттерге,іні – қарындастарыңызға айтар ағалық ізгі - ниетіңізді білдіруге болады.

Армандаңдар, сол арманға жетуге талпыныңдар, талаптаныңдар! Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды, ана тілінің мәртебесі мәңгі болғай. Мыңдаған жастарды білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге жолдама беріп жатқан Қазақстан-Американдық еркін университетінің басшысы Мәмбетқазиев Ережеп Альхаирұлына, менің барлық сүйікті оқытушыларыма алғысым шексіз. Білім ордамыз жасай берсін!

Әңгімеңізге көп рахмет! Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда жасап жатқан еңбегіңіз жана берсін!

 

          Сұхбатты жүргізген  «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 курс студенттері  ҚАЕУ Президенті грантының иегері Сәрсембаева Балжан және Қыдырмолда Жансая

Яндекс.Метрика
© 1994-2016 Казахстанско-Американский Свободный Университет (КАСУ, ВУЗ). Все права защищены.

Республика Казахстан, ВКО, г. Усть-Каменогорск, 070000, Пр. Независимости, 86

+7(7232)52-30-70 +7(7232)61-90-23 +7(7232)49-25-10 +7(7232)22-23-24 +7(7232)61-90-24

kafu_ukg@mail.ru